Жеңістің 72 жылдығы аталып өтті

10 .05. 2017      19:30

Ардақ Аманғалиева

Мамыр Жеңісі – бұл қуанышы пен қасіреті қоса қабысқан, құрметі мол мереке. Республика жұртшылығы бұл мерекені көп күтеді, толғаныспен атап өтеді. Гүл шоқтары мен әскери киімдер, көшеге шыққан ардагер аталар мен апалар мерекенің сәнін келтіріп, өткен заманның рухын әкелгендей болады. Бұл күні аядай ғана ауылдың өзі аласапыран жылдарды еске алып, бір мезет үнсіздікке басады... Өйткені бұл мерекені қайғы мен қуаныштан тұрады.

Өскемен қаласының тұрғындары да Ұлы Жеңістің 72 жылдығын зор қуанышпен атап өтті.

Жыл сайын өткізілетін «Мәңгілік полк» шеруі биыл да Өзен вокзалынан басталды. 25 мыңнан астам адам қатысқан «қарулы» отряд көше бойымен қозғалып, Даңқ алаңына қарай сап түзеді. Ертіс бойымен Қазақстан туын желбіретіп, әскери оркестр ойнаған кеме шеруді бастап жүрді. Шеруге қатысушылар соғысқа қатысқан тұлғалардың портретін мақтанышпен көтеріп бқй түзеді. Шеруді тамашалаған қала тұрғындары бірін-бірі құттықтап, жылы лебіздерін айтып жатты. Полкті облыс әкімі Даниал Ахметовтың өзі бастап жүрді. Аймақ басшысының да әкесі ҰОС-на қатысқан екен. Шеруге тұңғыш рет шіркеу басшысы Қазақстан митрополиті Александр Могилев қатысты.

Облыстық драма театрдың әртістері мен әншілері соғыс жылдарының әндерін шырқап, қала тұрғындарын тағы бір марқайтып тастады.

- Өскемен көшелерінде «Мәңгілік полк» биыл үшінші рет өтіп отыр. Мен де үшінші рет қатысып отырмын. Менің әкем де соғыстан жаралы оралған. Оралған соң мектепте 40 жыл еңбек етті. Ол заманның қандай қиын болғанын кейін білдік қой. Алайда әкем тағдырдың салғанына еш мойымаған жан болатын. Сондықтан да мен оны мақтан тұтамын, есте сақтап, балаларыма айтамын, - дейді науқанға қатысушы Василиса Петровна.

«Мәңгілік полктің» мәре сызығы Даңқ Мемориалы болатын. Шеру Мәңгілік алаңның алдына келіп ауыр күрсінді. Бұл жерде қатысушылар Мәңгілік алаудың алдына гүл шоқтарын қойып, бір сәт тағзым етті. Бұл салтанатқа әскери қызметкерлер, мемлекеттік құрылым басшылары, соғыс және тыл ардагерлері, кәсіпорындар мен компаниялардың қызметкерлері, қала тұрғындары қатысты. «Устинки плюс» және «Алдаспан» газеттерінің ұжымы да соғыста қаза болған сарбаздардың еске алу бейітіне мәңгілік гүл шоқтарын қойды. Алаң қан-қызыл, ашық қызыл түске боялып, ереңше реңк сыйлады.

- Ата-әкелеріміз бен апа-әпкелеріміздің арқасында бейбіт күнде, тату қоғамда өмір сүріп жатырмыз, - деді облыс басшысы Даниал Ахметов. – Мәңгілік сақталған қаһармандардың есімдеріне қараңыздаршы, бір елде өмір сүріп жатқан туысқан халықтардың барлығы бір мүдденің қоластында бірігіп, бір мақсат үшін күресті. Олардың бір ғана арманы болды. Ол – Отанын қорғау, келешек ұрпақтың тәуелсіздігін сақтау.

Бұл салтанатты шараның басы ғана екен... Алаңға қойылған соғыс жылдарының ауыр техникалары мен соғыс жылдарын еске салатын дала асханасы да халыққа заман иісін бір сәт алдымызға елестеткендей болды. Мереке қонақтары раритетті техникалардың жанында суретке түсуге, шатыр ішіндегі солдат тағамынан ауыз тиюге қалың кезекке тұрды.

Жады тақтасының алдына өз тілектерін жазып қалдырғысы келгендердің қарасы мол болды. Кей қала тұрғындары соғыс кезеңіндегі әндерді тыңдап, бірге қосыла шырқады. Би биледі. Салтанатты шараға қатысқан әскери киімдегі бүлдіршіндердің халыққа сыйлаған толқынысында шек болмады. Бала да, қарт та мәз.

- Мерекеге жанұяммен келіп отырмыз, - дейді қала тұрғыны әрі екі баланың анасы Светлана. - Мен үшін балаларымның патриот болғаны маңызды. Елін, жерін қорғауға ұмтылғаны қымбат. Өткен дәуірдің қиянатын да ұмытпасын деймін.

Фото 1 / 8