Өскеменде бірінші отбасылық «Балафест» атты форум-фестиваль өтті
Назерке Нұрболатқызы
Форум семинарында республикалық деңгейдегі мамандар балаларды балабақшаға қалай бейімдеу керек, оқу жылына қалай дайындау керек және тағы да басқа жайлы айтып берді.
Таңмен таласа оянған Өскеменнің белсенді аналары мен әкелері демалыс күні балаларымен бірге отбасылық «Балафест» фестиваліне қатысу үшін ОМҮ алдында жиналды. Бұндай мерекені «Император» СК сынды көптеген басқа да жоба серіктестері мен демеушілерінің қолдауымен белсенді нәзік жанды кәсіпкерлер сыйлады.
Жобаның иедялық рухтандырушысы Өскемендегі «Айналайын» Монтессори орталығының басшысы Жанар Мұхаметқалиеваның айтуынша, фестивальді жыл сайын ұйымдастырып отыру жоспарда бар. Өйткені жақсы ата-ана болу үшін көп дүниені үйрену керек. Ал «Балафесттің» балаларды тәрбиелеу мен дамыту бойынша үйретері көп. Бұл пікірді өзге де ұйымдастырушылар қолдайды.
- Бала - өмірдің теңдессіз сыйы, - дейді жоба үйлестірушісі Жанар Сейлханова. - Сондықтан да баламыздың бақыты үшін не істеу керек деген сұрақтар мазалайтыны анық. Ал осы фестиваль Махатма Гандидің: «Балаларымыздың ертеңгі бақытты балалығы бүгінгі бізден басталады» ұранымен ұйымдастырылып отыр. Аталмыш фесиваль қаламыздың жақсы дәстүріне айналады деп үміттенемін.
Фестиваль аясында концерт, балалар үшін түрлі шеберлік сыныптар ұйымдастырылды. Ал күнің екінші жартысында ата-аналар үшін Астана қаласындағы Монтессори орталығының басшысы, ҚР педагогі Лейла Мукашева, Алматыдан келген монтессори-педагог және аналитикалық психолог Евгения Араджи тренингтер мен семинарлар өткізді.