Ардагерлерді құттықтау: бәрінен де көңіл қымбат

08 .05. 2020      00:00

Қағаз бетінде тоғысқан тағдырлар

Ардагерлерді құттықтау: бәрінен де көңіл қымбат


Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында Өскемен қалалық мәслихатының депутаты Сергей Коротиннің тобы бұрын-соңды болмаған өте қиын кезеңге тап келді.

Шектеу, қатаң карантин және өзін-өзі оқшаулау шаралары біздің 80-нен асқан ардагерлерімізге жыл сайынғы игі дәстүріміз бойынша азық-түлік өнімдерін, құттықтау хаттарын табыстау мүмкіндігін қиындатып жіберді. Біздің басты мақсатымыз – ерлікке толы ғұмыр сүрген ғажайып адамдарға көңіл бөліп, мұң-мұқтажына жәрдемдесіп, қазіргі бейбіт күндеріміз үшін алғыс айту еді.

Біз №21 сайлау округінің аумағындағы үйлерде тұратын 31 майдангер мен тыл еңбеккерлерін араладық, осындай ерекше жағдайларда бұл үйлерді аралау қиынға соқты. Біз әкелген сыйлықтарды олар жақындарының, балаларының немесе немерелерінің денсаулығына алаңдап, есік алдында қабылдады. Кейбір ардагерлер бүгінгі шынайы өмірден алыстап кетіпті, сондықтан жақындарымызбен бірге біз көзімізге жас алмай әрең шыдадық, олардың күлімсіреген жүздерін көріп, өз-өзімізді жұбаттық. Бұл олардың алыста, бастарынан өткен қиын кезеңдерге қарамастан, бақытты жастықта екендерінен хабар бергендей. Ардагерлердің кейбіреулері әдеттегі өмір ырғағынан, күн шапағына бөленіп серуендеу мен әдепкі адамдармен қарым-қатынастан кенде қалғандарына шағымданып, кемсеңдеп жылай бастады. Біз жай сөйлесе алатынымызға қуандық...

Мен әлі де күресе аламын!

Әр қадамы қиынға түссе де, ол біздің тобымызды таза, жайлы пәтерінің есігінде қасқайып тұрып қарсы алды. 92 жас – оңай ма?! Әсіресе ол қандай алмағайып кезеңдер мен естен кетпес қиыншылықтарды бастан өткергенін білсеңіз. Александр Деомидович Тендит те әзілдеп: «Міне, мен перделерді қандай шебер тігіп қойдым, машинкада тігуді үйрене алмаған өкінішті» деп қояды.

- Баяғыда мен гимнастикамен кәсіби деңгейде айналысқанмын, - деп еске алады тыл еңбеккері. - Жолдастарым мені пирамиданың басына шығарды. Аласа шкафты қараңыз, спорттық жетістіктерім үшін қаншама мақтау және алғыс хаттарын алып едім...

Александр Тендит 1928 жылы Павлодар облысы, Шарбақты ауданында дүниеге келген. Отбасы текті, ауыл-аймаққа сыйлы болған екен. Әкесі аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарған. Алайда, ашаршылық пен ауыр еңбекке толы жылдары коммунистер әр партия жиналысынан алған екі метр қызыл бұл - баршылық саналған.

- Анам осы матадан көрпе тігетін, - деп жымиды Александр Демиодович. - Соғыс басталғанда мен 12 жаста едім. Әкем колхоздар мен совхоздарды аралап кететін. Мен күндіз мектептен соң атқорада түн ортасына дейін жұмыс істейтінмін. Қора тазалаймын, колхоздың жылқыларын бағамын, түнде сұлы беремін. Олардың барлығы ауыл үшін аса маңызды күш-көлік еді. Ара-арасында суырларға қақпан құрып қоятынмын. Әжем олардың етінен өте дәмді тамақ істеуші еді...

- Фашистік Германияның күйрегенін радиодан естігенімде мен алып-ұшып үйге қарай жүгірдім. Үйге жеткенімде қатты жүгіргенім соншалық, тіпті дем ала алмай қалғаным. Анама Жеңіс туралы тек сыбырлауға ғана шамам жетті, - деп еске алады тыл еңбеккері. - Ол тігіп отырған көрпесін жылап отырып жыртып тастады, мен қызыл туды желбіретіп, ауыл арасында айғайлап жүгіріп жүрдім. Ауылдағы барлық адамдар қуаныштан еңіреп жылап, мені бауырына басып құшақтады. Кейбірі тіпті ән шырқады... Бұл сәт ешқашан ұмытылмайды, мен үшін Жеңістен артық мереке жоқ.

Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерен еңбегі үшін жас жігіт көпшіліктің алдында медальмен марапатталды.

1949 жылы Александр Ленинградтағы екі мәрте Қызыл Ту орденді әскери-саяси училищеге шақырылған. Соғыстан кейінгі жұмыстың ауыртпалығынан жүрегі жыртылып қайтыс болған әкесінің айтуымен сонда түсіп, саяси нұсқаушы болған, Кеңес Армиясының капитаны атағын алған. Айтпақшы, ол әлі де партиялық билетін сақтап жүр. Коммунист Тендит Отан жіберген жаққа қызмет етуі керек еді. Тың және тыңайған жерлерді игерді - 800 ЗИЛ ауыр жүк көліктерін Ленинград әскери округі жіберген екен. Олардың доңғалақтары әктеліп, ауыр жұмыстарға жіберілді. Бұдан соң Александр Деомидович балалар колониясында, автокөлік кәсіпорнының кадр бөлімінің бастығы болып жұмыс істеген. Қазір зейнетке шыққанына 30 жыл толыпты.

- Үйдің шашылып жатқанын ұнатпаймын, әйелім қайтыс болған соң, барлығын өзім істеймін, - деп күрсінді ардагер. - Кейде әлім келмейді. Ешкімге керегім жоқ па деп ойлаймын. Ұлым мен келінімнің уақыты жоқ, немеремнің өзінің шаруалары басынан асады. Көмекші болғанда ғой... 

Бірлік пен ынтымақтастықта өмір сүрдік!

93 жастағы Резида Сәлімбекқызы Зайнутдинова да жалғыздығын айтып, мұңын шақты. Тек биыл ғана...

- Қазір мен ауырып жүрмін, қызым қасымда тұрады, - дейді еңбек ардагері. - Ұлым Новосибирскіден немерелеріммен келіп тұратын. Қызым да үнемі балаларымен бірге жаз бойы қасымда болатын. Биыл олар келе ме, жоқ па, белгісіз...

Зейнутдиновтер отбасында жеті бала болды. Резида Өскеменде дүниеге келген. Соғысқа дейін ол сегіз класты бітірген. Оқу біткен соң жұмысқа шыққан. Анасымен бірге қала ішінен Ушановск совхозының егістік алқабына дейін жаяу барып жүреді екен.

- Егін егіп, күтіп-баптап, жинап алатынбыз, - деп еске алады Резида Сәлімбекқызы күлімсіреп. - Картоп қазғанға әндетіп бара жатушы едік. Өскемен су электр станциясының құрылысы басталған кезде бізді жастар бригадасына жіберді. Жүк көліктері үлкен, шомбал тастарды әкеледі, біз бөгетке тастайтынбыз. Қажалғаннан қаны шыққан аяғымызды емдеуге де мұрша болмайтын. Қазір өзім де таңғаламын, жұмыстан соң бәріміз Киров атындағы саябаққа жиналып, билейтінбіз. Қайран, жастық... Сонда жүріп Жеңіс жайлы қуанышты хабарды естідік.

- Соғыстың біткенін естіген бетте бәріміз шулап үйге қарай жүгірдік, - дейді көзі жасқа толған әжеміз. - Шаттыққа толы хабарды үй ішіне жеткізуге асықтық. Сол күні жақсылап тойлатып едік-ау! Көршілеріміз аулаға жиналды, дастархан жайдық, ән шырқап, би биледік. Қуанышымыздың шегі жоқ еді. Келесі жылдары да дәл осылай тойлатынбыз. Ал қазір неме? Тіпті көршілерімізді түстеп танымаймын. Өкінішті-ақ...

Резида Сәлімбайқызы соғыстан кейін облыстық атқару комитетінің аппараттық бюросына жұмысқа тұрды, бұдан кейін де түрлі ұйымдарда жұмыс істеді. Негізгі жұмыс орны - «Алтайсвинстрой» болған екен. Онда ол болашақ күйеуімен танысып, сол жерден құрметті демалысқа шықты. Негізгі жетістігім деп үш баласының да жоғары білім алғанын айтады.

Бақытты, мейірімді жұбайлар - Сухановтардың екеуі де Алтай өлкесіндегі Тугозвоново ауылынан шыққан. Бір-бірімен ертерек танысуға соғыс кедергі болған екен.

- 1941 жылдың маусым айында әкемізді майданға аттандырған шақта мен 8 жаста едім, - дейді Мария Федоровна. - Үйіміздің бір-ақ бөлмесінде адам өте көп болды, әкемді көре алмай жүргенім есімде. Орындық әкеп, үстіне шығып алып жылап тұрдым. Әкем мені құшақтап, «ал, Машенька, енді анаңа көмектесіп жүр» деді. Сол кеткеннен мол кетіп, бірнеше айдан соң қаза тапты...

Марияның отбасында өзінен соң 4 бауыры мен сіңлілері қалыпты, біреуі ауырып, қайтыс болған. Кішкентай қыз шошқа фермасында жұмыс істеген, астын тазалап, қиын кептіріп, үйлерге отын ретінде таратыпты. Колхоздың егістік жерлеріне егін салып, өсіріп, қол орақпен шауып, нан пісірген.

- Мен Жеңіс туралы хабарды қайдан естідім? - деп еске алады Николай Егорович. - Егін салу науқаны қызу жүріп жатқан. Мен бұқаға мініп, ас үйден тамақ ішейін деп келсем, бәрі шулап жүр. Біреулер мәз болып күліп жүрсе, кейбіреулер аңырап жылап жүр. «Алақай, біз жеңдік! Жеңіс!» деп айғайлайды. Тойлатып отыратын уақыт жоқ, бәріміз қайтадан егістікке, жұмысқа кеттік. 

Кейінірек Мария мен Николай Өскемендегі туыстарына көшіп келген. Екеуі де Казолово байыту фабрикасына жұмысқа шықты. Ол қазіргі студенттер қалашығының маңында орналасқан.

- Мен тасымалдауыш таспаға құм лақтырдым, ал Коля трактормен жұмыс істеді, - деп еске алады Мария Федоровна. - Бірде бойына батылдығын жиып, жаныма келді. Сөйлесе келе біз бір ауылдан екенімізді білдік. Арамыз жақындай түсті, ал 1954 жылы үйлендік.

Үлкен, жарқын және еңбекке толы ғұмыр.

- Айрықша құрметпен Сіздерді Жеңіс күнімен құттықтаймыз, - деді қалалық мәслихат депутаты Сергей Коротиннің құттықтау хатын оқыған көмекшісі Галина Андреева. - Төбеміздегі бейбіт аспан үшін, соғыс қасіретінен ада қылғандарыңыз үшін шын жүректен алғыс айтамыз. Сіздерге мықты денсаулық және бұл өмірдегі шаттыққа толы жайлы күндер тілейміз, олардың әрқайсысы сүйіспеншілікке толы адамдармен қоршалып, жақсылық пен қуаныштың жарқын сәулесі түсе берсін дейміз. Сіздердің ерліктеріңіз, батылдығыңыз бен жігеріңіз бізді шабыттандырады, ал Жеңіс күні бізге бақыттың көз жасын, жан тебіренер мақтаныш сезімін әкеледі. Біздің қымбатты батырларымыз – сіздерге амандық пен жақсылық тілейміз!

Фото 1 / 22
  • Ардагерлерді құттықтау: бәрінен де көңіл қымбат -
  • Ардагерлерді құттықтау: бәрінен де көңіл қымбат -
  • Ардагерлерді құттықтау: бәрінен де көңіл қымбат -
  • Ардагерлерді құттықтау: бәрінен де көңіл қымбат -
  • Ардагерлерді құттықтау: бәрінен де көңіл қымбат -
  • Ардагерлерді құттықтау: бәрінен де көңіл қымбат -
  • Ардагерлерді құттықтау: бәрінен де көңіл қымбат -
  • Ардагерлерді құттықтау: бәрінен де көңіл қымбат -
  • Ардагерлерді құттықтау: бәрінен де көңіл қымбат -
  • Ардагерлерді құттықтау: бәрінен де көңіл қымбат -
  • Ардагерлерді құттықтау: бәрінен де көңіл қымбат -
  • Ардагерлерді құттықтау: бәрінен де көңіл қымбат -
  • Ардагерлерді құттықтау: бәрінен де көңіл қымбат -
  • Ардагерлерді құттықтау: бәрінен де көңіл қымбат -
  • Ардагерлерді құттықтау: бәрінен де көңіл қымбат -
  • Ардагерлерді құттықтау: бәрінен де көңіл қымбат -
  • Ардагерлерді құттықтау: бәрінен де көңіл қымбат -
  • Ардагерлерді құттықтау: бәрінен де көңіл қымбат -
  • Ардагерлерді құттықтау: бәрінен де көңіл қымбат -
  • Ардагерлерді құттықтау: бәрінен де көңіл қымбат -
  • Ардагерлерді құттықтау: бәрінен де көңіл қымбат -
  • Ардагерлерді құттықтау: бәрінен де көңіл қымбат -

Контакты

070004, Қазақстан,
Өскемен қаласы, Әуезов даңғылы, 28, 070004
Факс +7 7232 208-778
Қабылдау бөлім +7 7232 208-777

+7 (7232) 208-778
info@svkgroup.kz
г.Усть-Каменогорск, пр.Аузова, 28
с 09:00 до 18:00